Категория: Барлық материалдар

Жарияланды 12.10.2014

Автор: Омарбекова А.

Президент

т.ғ.д., «Информатика, есептеу техникасы және басқару» мамандығы бойынша профессор, Халықаралық ақпараттандыру Академиясыныңакадемигі, Қазақстан Республикасының педагогика ғылымдары  Академиясының академигі.

 

 Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ сайты профилі

 

 

1974 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (КазМУ) "Қолданбалы математика" мамандығы бойынша бітірді, 1981 жылы М.В. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің (ММУ) аспирантурасын, 1992 жылы докторантурасын "Есептеу машиналарын, жүйелерін және желілерін математикалық және программалық қамтамасыз ету" мамандығы бойынша аяқтады, 1989 жылы Морис Торез атындағы Москва мемлекеттік педагогикалық шет тілдер институтында «Француз тілі» курсын және  1990 жылы Поль Валерий университетінде (Франция) ғылыми тағылымдама өтті.

 

Шәріпбай Алтынбек Әмірұлы «05.13.00 – Информатика, есептеу техникасы және басқару» мамандықтар тобы бойынша физика-математика ғылымдарының кандидаты, техника ғылымдарының докторы, профессор,  Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР педагогика ғылымдары академиясының академигі.

 

А.Ә. Шәріпбай 1974-1975 жж ҚазМУ-де  математик-программист, 1975-1981 жж ММУ стажер-зерттеуші, аспирант, 1981-1990 жж ҚазМУ-де ассистент, доцент,  кафедра меңгерушісі, 1989-1991 жж докторлық диссертациялық жұмысты аяқтау үшін Аға ғылыми қызметкер КазМУ- докторант ММУ, 1992-1997 жж Информатика және Басқару проблемалары институтында зертхана меңгерушісі, 1997-1998 жж, Қазақ мемлекеттік басқару академиясында кафедра меңгерушісі, 1998-2000 жж «Ақпараттық технологиялар орталығы» директоры болды. Ал 2000 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессоры, «Жасанды интеллект» ғылыми-зерттеу институтының директоры.

 

Шәріпбай Ә.А. информатика саласында программалау тілдерінің семантикаларын формалдады,  программалық және аппараттық құралдарды верификациялау әдістерін құрды. Осы зерттеулер негізінде 1982 жылы «Символдық процессор тілінде программаның бөліктелген верификациясы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын, ал 1996 жылы «Есептеу машиналары мен жүйелерінің программалық және аппараттық құралдары верификациясы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

 

Әмірұлы Алтынбектің төмендегідей ғылыми жобалары өткен ғасырда Кеңестер Одағының келесі ірі ғылыми орталықтарында пайдаланылды:

1. «Ғарыштық жүйелерді имитациялау тілінің трансляторы» Жуковск қаласындағы Ұшу-сынау институтында 1976-1981 жылдары енгізілді;

2. «Цифрлық сұлбаларды верификациялау жүйесі» Зеленоград қаласындағы Ғылыми-өндіріс орталығында 1988-1989 жылдары енгізілді;

3. «Көппроцессорлы есептеу комплексі үшін параллельді программалау жүйесі» Москва қаласындағы Электрондық есептеу техникасының халықаралық ғылыми-зерттеу орталығында 1990-1991 жылдары енгізілді.

Ол жасанды интеллект және компьютерлік лингвистика саласында қазақ тілінің математикалық теориясын жасады, қазақ тілінің жазбаша және ауызша сөйлеулерін талдау мен синтездеу технологияларын және интеллектуалды оқыту бағдарламаларын жасау технологияларын даярлады. Бұл жұмыстардың ғылыми кейбір нәтижелері 2002-2006 жылдары еліміздің көптеген мекемелерінде енгізілген көптеген мультимедиалық оқыту программаларын, орта және жоғарғы білім берудің көптеген пәндері бойынша электрондық оқулық басылымдарын, қазақ тілін қашықтықтан оқыту жүйесін және тағы басқа да программалар жүйесін жасау үшін қолданылды.

 

Шәріпбай А.Ә. ақпараттық технологиялар саласында төмендегідей автоматтандырылған жүйелер жасады:

1. «Құнды қағаздардың автоматтандырылған депозитарлық жүйесі» – Алматы қаласындағы Мемлекеттік мүлік департаментінде және акционерлік қоғамдарда 1992-1995 жылдары енгізілді;

2. «Коммуналдық төлемдерді есептеудің автоматтандырылған жүйесі» – Алматы қаласындағы тұрғын үй коммуналды шаруашылық комитетінде және көптеген меншік пәтерлер иелерінің кооперативтерінде 1995-1998 жылдары енгізілді;

3. «Сайлаудың автоматтандырылған жүйесі» – Алматы қаласы Бостандық ауданында 1997-1998 жылдары енгізілді;

4. «Есеп комитетінің автоматтандырылған ақпараттық қоры» – ҚР Есеп комитетінде 2003-2005 жылдары енгізілді;

5. «Электронды оқу басылымдарының автоматтандырылған жүйесі» – бірнеше орта мектептер мен жоғарғы оқу орындарында 2003-2008 жылдары енгізілді.

 

Ол «Білім беру мен білімді бағалаудың интеллектуалдық технологиясы» атты қазақ тілін түсінетін жасанды интеллекті бар көпфункционалды технологияның авторы. Бұл технологияны пайдаланып кез келген пәннен қазақ тілінде жазбаша емтихан алуға болады (ауызша емтихан ала алатын нұсқасы дайындалып жатыр). Технология сұраққа берілген жауаптың мағынасын түсіне алады және берілген жауапты, яғни білімді бірден бағалай алады. Қазіргі кезде еліміздің білім және ғылым мекемелерінде технологияның тұсаукесерлері өтіп жатыр, сосын сынақтар басталады. Егер бәрі ойдағыдай болса бұл технология Ұлттық тестілеу жүйесінің орнын басады және қоғамға көптеген пайдалы өзгерістер әкеледі деп күтілуде. Бұл технология қазақ тілінің басқа тілдерге қарағанда математикалық сипаттауға, формалдауға, модельдеуге оңай келетіндігін дәлелдеді, яғни жуық болашақта қазақ тілін халықаралық тілдермен бір қатарға шығарады.

 

А. Шәріпбай IT саласында 400-ден астам ғылыми еңбектерін және 4, соның ішінде Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру мәселелері атты монография жариялады, 7 оқулық қазақ және орыс тілінде (Информатика, Тілдер мен автоматтар теориясы, Нейрондық желілер, Информатиканың математикалық негіздері), 13 оқу құралдарын, Информатика және есептеу техникасы, Ақпараттық техногиялары бойынша 4 терминологиялық және 2 түсіндірме сөздіктерін жариялап шықты.

 

Ол 40-дан астам авторлық куәліктің иесі, ақпараттық технологиялар саласында 10, білім беру саласында 10 мемлекеттік стандарттарды жасауға жетекшілік етті және тікелей қатысты. Сонымен қатар, «05.13.00 – Информатика, есептеу техникасы және басқару» мамандықтар тобы бойынша 5 ғылым докторын, 8 ғылым кандидатын және «6D060200 – Информатика» мамандығы бойынша 8 PhD дайындады.

Алтынбек Әмірұлы 2001 жылы Қазақстан Республикасының білім беру, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын иеленді, 2003 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды, 2005 және 2010 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» грантының 2 дүркін иегері болды.

 

А. Шәріпбай Болгарияда (1989), Францияда (1990, 1996, 2015), Қытайда (1993, 2010, 2014), Германияда (1998, 2015), Түркияда (1999, 2008, 2013, 2015),  Таиландта (2003, 2015), Израильде (2006), Англияда (2006), Мальтада (2007), Жапонияда (2012), Кореяда (2010, 2013), Италияда (2013, 2018), Испанияда (2014, 2016, 2018),  Австрияда (2016), Португалияда (2017), Польшада (2019), Грециядв (2019), Ресейде (2013, 2014, 2015, 2017, 2019), Украинада (2012, 2013), Белоруссияда (2012, 2013, 2014, 2015, 2018), БАӘ (2016, 2020), Өзбекстанда (2010, 2014, 2020), Тәжікстанда (2016),   Қырғызстанда (2015, 2016),  ) орналасқан ғылыми орталықтардың арнайы шақыруларымен IT салалары бойынша тәжірибе алмасатын халықаралық іс-шараларға қатысып жеке өзінің, шәкірттерінің және еліміздің ІT салаларындағы жетістіктері туралы баяндамалар жасап, дәрістер оқыды.

 

e-mail: sharalt@mail.ru,  tel: +7 701 777 1652

ШАРИПБАЙ АЛТЫНБЕК АМИРОВИЧ